Жүйткіп келе жатқан көліктің есігін ашып немесе әйнектен басын шығарып, қозғалысқа қатер төндірген адам айыппұл арқалайды. Бұл жүргізуші де, жолаушы да болуы мүмкін. Әкімшілік кодекстегі қоғамдық және жол қауіпсіздігін жақсартуға бағытталған өзгерістер былтырғы жылдың соңында қабылданып, 13 наурызда күшіне енді. Жолда жедел және арнайы қызмет көлігіне кедергі жасағандар бүрынғыдай 7 емес, 20 АЕК көлемінде айыппұл арқалайды. Осыдан кейін азаматтар кез-келген әрекетке бармас бұрын әбден ойлану керек.
Жалған хабарлама таратып, қоңырау шалғандарға да жауапкершілік жүгі ауырлаған. Бұған дейін бұл әбестігі үшін 30 АЕК айыппұл салынса, енді 2 есе, яғни 60 АЕК мөлшерінде есептеледі. Ал елді дүрліктерген жасөспірімдерге ескерту жасалмай, бірден олардың заңды өкілдеріне айыппұл салынады.
Бұл өзгерістер заң мен тәртіп қағидатын жүзеге асыру аясында қолға алынды.
Жалпы елімізде заң үстемдігі қалай іске асып жатыр? Азаматтардың құқықтық сауаттылығы артты ма? Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңдар қабылданып жатыр, оның нәтижесі қалай жүзеге асуда? Осы және өзге де сауалдарға Республикалық заң консультанттары алқасының төрағасы Серік Ақылбай 24KZ телеарнасының «Күн тәртібі» бағдарламасында жауап берді.