2026 жылғы 23 қазанда Республикалық заң консультанттары алқасында Қазақстан Республикасының ұлттық мерекесі – Республика күні қарсаңында құрмет грамоталары мен алғыс хаттарды салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті.
Наградаларды Алқа төрағасының орынбасары Абдыкарым Ақжанов табыстады. Марапатқа Қазақстан Республикасы Үкіметі Аппаратының Азаматтарды қабылдау орталығында кезекшілік атқарып жүрген Астана қаласының заң консультанттары палатасының мүшелері ие болды.
Заң консультанттары азаматтарға бастапқы құқықтық көмек көрсетіп, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен соттарға одан әрі жүгіну тәртібін айқындауға жәрдемдеседі. Олардың қызметі білікті заң көмегінің қолжетімділігін арттыруға, азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайтуға және халықтың құқықтық мәдениетін дамытуға бағытталған.
Мереке қарсаңында заң консультанттарының еңбегі Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі мен Қазақстан Республикасы Үкіметі Аппаратының алғыс хаттарымен атап өтілді. Алғыс хаттарда азаматтарға құқықтық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуге қосқан жеке үлесі, жоғары кәсібилігі мен адал еңбегі үшін ризашылық білдірілген.
Үкімет Аппаратының алғыс хатында заң консультанттары қызметінің азаматтардың мемлекетке деген сенімін нығайтудағы және қоғамның құқықтық мәдениетін арттырудағы маңыздылығы да ерекше атап өтілген.
Республикалық заң консультанттары алқасы марапат иелерін лайықты марапаттарымен құттықтап, кәсібилігі, өз ісіне жауапкершілікпен қарағаны және заң консультанттары институтын дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс білдіреді.
