16 сәуірде Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде Қазақстан Республикасы Конституциялық соты өкілдерінің профессор-оқытушылар құрамымен және студенттермен «Ата Заң – тәуелсіздік тірегі» тақырыбында көшпелі өңірлік кездесуі өтті.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналған шара Қазақстан Республикасы Конституциялық сотының, Бас прокуратураның, Парламентаризм институтының және Республикалық заң консультанттары алқасының қолдауымен өтті.
Соңғы онжылдықтарда Негізгі Заң моделі өзінің тиімділігін дәлелдеді: ол саяси тұрақтылықты, қоғамдық келісімді, тұрақты экономикалық дамуды және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сенімді қорғауды қамтамасыз етті.
Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы Айгүл Қыдырбаева: «1995 жылы референдумда мақұлданған еліміздің Негізгі Заңы мемлекеттіліктің берік іргетасына айналды, демократиялық қағидаттарды бекітті және елдің тұрақты дамуына кепілдік берді. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2022 жылғы конституциялық реформа конституциялық заңдылықты нығайтудағы маңызды кезең болды. Ол саяси жүйедегі маңызды өзгерістерді бекітті және құқықтық мемлекеттің одан әрі даму жолдарын белгіледі», – деп атап өтті.
Кездесу аясында прокурорлық қадағалаудың өзекті мәселелері, нормативтік қаулылардың рөлі, Конституциялық сот шешімдерінің призмасы арқылы Конституция ережелерін сақтау мәселелері қозғалды. Қатысушылар қызықтырған сұрақтарын қойып, құқықтық мәдениетті дамыту перспективаларын талқылауға мүмкіндік алды.
«Бұл шараның университет қабырғасында – жастардың азаматтық сана-сезімі, заң, әділдік және Отан алдындағы жауапкершілік туралы түсініктері қалыптасатын кеңістікте өтіп жатқаны ерекше символ. Бұл жерде Конституция құндылықтарын талқылау Қазақстанның болашағы үшін еңбек ету деген сөз», – деп атап өтті университет ректоры Ербол Исакаев.
Сондай-ақ аталмыш іс-шараға РКЮК құрамына кіретін Астана қаласы заң консультанттары Палатасының мүшесі, «Қазақстан заңгерлер одағы» РҚБ Солтүстік Қазақстан облысы филиалының төрағасы Қусаинова Асель Булатовна белсене қатысты.
Дереккөз: ku.edu.kz/news/view?id=12525