Жарияланды: 01.07.2026
РЗКА мен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ арасындағы ынтымақтастық аясында «Жылы жүрекпен» жобасы табысты жүзеге асырылуда

Республикалық заң консультанттары алқасы мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында іске асырылып жатқан «Жылы жүрекпен» әлеуметтік жобасы табысты жүзеге асырылып, оң нәтижелерін көрсетуде.

2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша жоба компания қызметкерлері мен ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған олардың отбасыларын кешенді қолдауға бағытталған іс-шараларды қамтыды. Бүгінде жоба 980-нен астам баланы қамтып, әлеуметтік, білім беру, психологиялық, медициналық және құқықтық бағыттағы бірқатар бастамаларды іске асыруда.

Жобаның негізгі бағыттарының бірі – құқықтық көмек көрсету. «Сұрақ – жауап» айдары аясында компания қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелері еңбек, әлеуметтік және отбасы заңнамасы мәселелері бойынша құқықтық түсіндірмелер алып, білікті заң көмегіне қол жеткізу мүмкіндігіне ие болуда.

Еске сала кетейік, 2026 жылғы 13 ақпанда Республикалық заң консультанттары алқасы мен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, заң көмегінің қолжетімділігін арттыруға және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға жәрдемдесуге бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын. Бүгінде меморандумды іске асыру аясында РЗКА құрамына кіретін заң консультанттары палаталары еліміздің әртүрлі өңірлерінде компания қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелеріне бірлескен қабылдаулар өткізіп, тегін заң көмегін көрсетуде.

Республикалық заң консультанттары алқасы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-пен қалыптасқан әріптестікті жоғары бағалайды және алдағы уақытта да бірлескен жұмыстар әлеуметтік маңызы бар бастамаларды дамытуға, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға және білікті заң көмегінің қолжетімділігін кеңейтуге ықпал ететініне сенім білдіреді.

«Жылы жүрекпен» әлеуметтік жобасының іске асырылуы туралы толық есеппен Республикалық заң консультанттары алқасының сайтында танысуға болады: https://rcla.kz/storage/app/media/zhrekpenotchet-za-6-mes.pdf

Жаңалықтарға қайта оралу
Бөлісу: