Жарияланды: 28.02.2025
РКЮК төрағасы Серік Ақылбай Премьер-Министр Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен Қазақстан Үкіметінің отырысына қатысты

РКЮК төрағасы Серік Ақылбай Премьер-Министр Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен Қазақстан Үкіметінің отырысына қатысты.

Ағымдағы жылдың 26 ақпанында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновтың төрағалығымен Үкімет отырысы өтіп, онда Мемлекет басшысының еліміздің жеделдетілген әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін мемлекеттік басқару жүйесін бюрократиядан арылту бойынша міндеттерін ескере отырып, әділет органдарын дамыту және цифрландыру мәселелері қаралды.

Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев жүйені жаңғырту жөніндегі жоспарлар туралы баяндама жасады, әділет органдарын цифрландыру туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев баяндады. Сондай-ақ Республикалық заң консультанттары алқасының төрағасы Серік Ақылбайға, Республикалық жеке сот орындаушылары палатасының төрағасы Айдос Иманбаевқа, Қазақстандық репрографиялық құқық және бейнелеу өнері туындылары қоғамының жетекшісі Ринат Абдухаликовке, Қазақстандық IT-компаниялар басшыларына сөз берілді.

Премьер-министр Олжас Бектенов Әділет министрлігінің қызметіндегі орынсыз шығындарды азайту қажеттігін атап өтті. Шығындарды оңтайландыру цифрлық технологияларды енгізу арқылы жүзеге асырылуы тиіс.

«Цифрландыру арқылы артық шығындар мен қажетсіз құрылымдарды қысқарту қажет. Нәтижесінде, жалпы мемлекеттік аппараттың тиімділігі артады. Бұл барлық мемлекеттік органға қатысты», – деді Премьер-министр.

Сондай-ақ, Олжас Бектенов заң консультанттарының қызметін реттеу шеңберінде мамандарға қойылатын талаптарды, оның ішінде олардың біліктілігін, азаматтыққа қойылатын талаптар, қызметтің бірыңғай стандарттарын белгілеуді қайта қарауды тапсырды. Келісілген ұсыныстар бірінші жартыжылдықтың соңына дейін Үкіметке енгізілу қажет.

https://primeminister.kz/.../ukimette-adilet-organdaryn...

Жаңалықтарға қайта оралу
Бөлісу: