Жарияланды: 14.12.2023
Республикалық заң консультанттары алқасының Төрағасы Ақылбай Серік «Хабар» телеарнасының «Біздің мақсат» бағдарламасында

Мемлекетте қандай шешімдер қабылданып, нендей өзгеріс болса да, оның тұтас қоғамға қатысы бар. Демек ел ішіндегі елеулі оқиғалар мен маңызды мәселелер азаматтық қоғамның назарынан тыс қалмауы керек. Ал бүгінгі таңда біздегі азаматтық қоғамның белсенділігі қандай? Үкіметтік емес ұйымдардың үнін билік естіп жатыр ма?

Былтырғы наурыз айындағы жолдауында мемлекет басшысы Азаматтық қоғам тақырыбына ерекше тоқталды. Елдегі Азаматтық қоғамның белсенділігін оятып, мемлекет пен қоғам арасындағы саналы және сындарлы әріптестік процестің бастауы маңызды процесс екенін айтты.

«Реформаларды әзірлеу және оны жүзеге асыру ісіне қоғамдық ұйымдар мен белсенді азаматтарды барынша тарту қажет. Сол үшін, ең алдымен, ұлттық жобалар мен стратегиялық құжаттардың бәрі ашық талқылануын қамтамасыз ету керек. Бұл мәселе бойынша жасанды пікірталас өткізіп, көзбояушылық жасауға болмайды!»

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев

Соңғы жылдары еліміз үлкен саяси реформаларға қадам басты. Арнайы референдум арқылы Конституцияға реформа жасалды. Президент Азаматтық қоғамның пікіріне құлақ асу керектігін айтқалы жылдан асты. Осы уақыт аралығында қандай өзгеріс байқалды? Азаматтық қоғамның белсенділігі артты ма?

Осы және өзге де сұрақтарға Республикалық заң консультанттары алқасының Төрағасы Ақылбай Серік «Хабар» телеарнасының «Біздің мақсат» бағдарламасында жауап берді.

«Референдум – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы үлкен саяси оқиға. Конституциямызға енген өзгерістер елдің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртуға, экономиканы және әлеуметті уақыт талабына сай дамытуға негіз болады. Өткен жылдағы қайғылы оқиғалар елімізде, жалпы қоғам өмірінде, саяси, экономикалық, әлеуметтік салаларда түбегейлі реформалар қажет екенін ашық көрсетті – бұл бірінші мәселе.

Екінші мәселе: Ата Заңымызға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар туралы халық қаншалықты түсініп жатыр? Олар қаншалықты орындалып жатыр? Бұл үлкен сұрақ. Мемлекет басшысы айтқандай, Әділетті Қазақстанның негізі – Заңның үстемдігі. Заңның үстемдігі қамтамасыз етілмесе, Жаңа Қазақстанды құру мүмкін емес.

Өз кезегімізде біздер, Республикалық заң консульттанттары алқасының Палата мүшелері, өңір-өңірлерде Конституциямызға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы халық арасында түсіндіру, талқылау жұмыстарын қарқынды жүргізудеміз. Биылдың өзінде заң консультанттары көрсеткен тегін құқықтық консультация саны 2800-ге жетті. Осындай жұмыстар азаматтардың өмір сүру сапасына оң әсер ететіні сөзсіз», – деп Серік Байсеитұлы ойымен бөлісті.

Толық шығарылым сілтеме бойынша:

Жаңалықтарға қайта оралу
Бөлісу: