Жарияланды: 16.07.2026
Республикалық заң консультанттары алқасының төрағасы Қостанай облысына жұмыс сапарымен барды

2026 жылғы 16 шілдеде Республикалық заң консультанттары алқасының төрағасы, «Қазақстан заңгерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, заң ғылымдарының кандидаты Серік Байсеитұлы Ақылбай жұмыс сапары аясында Қостанай облысы Әділет департаментіне барды.

Жұмыс кездесуі Қостанай облысы Әділет департаментінің басшысы Әлия Алатаевна Аманжулованың төрағалығымен өтті. Іс-шараға әділет органдарының қызметкерлері, заң консультанттары палаталарының төрағалары, өңірдің заң қоғамдастығының өкілдері, сондай-ақ шақырылған қонақтар қатысты.

Кездесудің негізгі тақырыбы конституциялық реформаны іске асыру, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының маңызы және құқықтық мемлекетті одан әрі нығайтудағы заң қоғамдастығының рөлі болды.

Кездесу барысында сөз сөйлеген Серік Байсеитұлы заң қоғамдастығының конституциялық реформаны іске асыруға, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға және заңнаманы жетілдіруге белсенді қатысып отырғанын атап өтті. Сонымен қатар ол Республикалық заң консультанттары алқасының қызметі, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы негізгі жұмыс нәтижелері, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл, әлеуметтік жобаларды іске асыру, азаматтарға тегін заң көмегін көрсету, заң консультанттарының біліктілігін арттыру және халықаралық ынтымақтастықты дамыту бағытындағы жұмыстар туралы баяндады.

Іс-шара барысында сондай-ақ Қостанай облысының «Заңгер» заң консультанттары палатасы Басқармасының төрағасы Ирина Александровна Тусова, Палата мүшесі Әлия Анисовна Рахаделова және отставкадағы судья, Федоров аудандық сотының бұрынғы төрағасы Александр Романович Москалюк сөз сөйледі.

Кездесудің салтанатты бөлімінде бірқатар марапаттар табысталды. Заң консультанттары институтын дамытуға қосқан елеулі үлесі, әділет органдары мен заң қоғамдастығы арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға сіңірген еңбегі және жоғары кәсібилігі үшін Серік Байсейітұлы Ақылбай Қостанай облысы Әділет департаментінің басшысы Әлия Алатаевна Аманжуловаға Республикалық заң консультанттары алқасының Құрмет грамотасын табыс етті.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Әділет министрі Е.Ж. Сәрсембаевтың тапсырмасы бойынша Республикалық заң консультанттары алқасының төрағасы жоғары кәсібилігі, адал еңбегі және заң консультанттары институтын дамытуға қосқан үлесі үшін Қостанай облысы заң консультанттары палатасының үш мүшесіне Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Құрмет грамоталарын табыс етті.

Өз кезегінде Қостанай облысы әкімінің атынан Серік Байсеитұлына заң қоғамдастығын дамытуға, заңдылықты нығайтуға және көпжылдық жемісті еңбегі үшін Құрмет грамотасы табыс етілді.

Жұмыс кездесуі сындарлы жағдайда өтіп, Республикалық заң консультанттары алқасы мен әділет органдары арасындағы заңдылықты нығайтуға, құқықтық мәдениетті арттыруға және азаматтарға заң көмегін көрсету жүйесін жетілдіруге бағытталған тиімді ынтымақтастықтың тағы бір айқын көрінісі болды.

Жаңалықтарға қайта оралу
Бөлісу: