Жарияланды: 02.12.2023
Республикалық заң консультанттары алқасы төрағасының орынбасары Абдыкарым Акжанов Atameken Business News телеарнасына сұхбат берді

Елімізде тағы бір қайғылы оқиға орын алды: 30 қараша күні таңертең сағат 5:30 шамасында Алматы қаласындағы хостелдің бірінде өрт шығып, 13 адам қаза тапты. Оның 9-ы Қазақстандық, 4-і шетел азаматтары. Бұл туралы Алматы қ. полиция Департаменті хабарлады.

Сонымен қатар, Алматы қ. Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы хостелге қайта жабдықтауға бастапқы рұқсат құжаттарын бермегені белгілі болды.

Тілшілердің «Еліміздегі хостелдердің қауіпсіздігіне кім жауапты?» деген сауалына Абдыкарым Арынович былай деп жауап берді:

«1997 ж. Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» бейіндік Заңы қабылданды. 2020-2023 жж. Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Қолданыстағы Заңда хостел туралы тек 2 жерде айтылады (2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар. 27, 48-тармағы).

Заңды түзетулер қабылданғанымен, хостелдердің қызметін жүзеге асыру тетігін реттейтін заңға тәуелді актілер қабылданбаған. Бұл жағдайда хостел КСРО заманындағы ескі үш қабатты үйде болғаны белгілі. Заңның 2023 ж. өзгертулер мен толықтыруларында хостелдер белгіленген құрылыс, санитариялық, экологиялық, өртке қарсы және басқа да міндетті нормалар мен қағидаларға сай келуі керек делінген.

Менің ойымша, ең алдымен, Заңнан бастау керек. Неліктен әлі күнге дейін хостелдердің жұмысын реттеп, қарастыратын механизмдер жоқ? Келесі кезекте сұрақ, әрине, сол хостелдің қожайыны мен әкімшілігіне туындайды. Неліктен адамдардың уақытша тұруына арналған жерде қауіпсіздік ережелері сақталмаған?

Сұраныс артқан сайын, ұсыныс та артады. Сондықтан елімізде хостелдер саны күн санап артып келеді. Бұл бизнес. Бірақ, соған қарамастан, Уәкілетті органдар, бұл жағдайда бейінді министрліктер мұндай төтенше жағдайлардың алдын алу үшін хостел қызметінің барлық тетіктерін әзірлеуге тиіс еді. Сонымен қатар, бұл үшін кондоминиум иелері, ПИК немесе ММИБ да жауапты болуы керек».

Республикалық заң консультанттары алқасының ұжымы өрт салдарынан қаза тапқан азаматтардың отбасы мен туған-туыстарына қайғырып көңіл айтады.

Толық шығарылым сілтеме бойынша:

Жаңалықтарға қайта оралу
Бөлісу: