2026 жылғы 15 қазанда Республикалық заң консультанттары алқасы сот жүйесінің өкілдерімен бірлесіп, «Сот органдарының бірыңғай порталымен жұмыс істеу негіздері» тақырыбында вебинар өткізді.
Іс-шараға өңірлік палаталардың заң консультанттары қатысып, кәсіби қызмет барысында жаңа цифрлық платформаны пайдалануға қатысты практикалық мәселелерді талқылады.
Вебинар спикерлері ретінде Цифрландыру бөлімінің меңгерушісі орынбасары Динара Панабековна Тлепова, Цифрландыру бөлімінің бас консультанты Андрей Игоревич Донской, сондай-ақ жоба талдаушылары Меруерт Наримановна Даутекова мен Арай Талгатовна Иманбаева сөз сөйледі.
Вебинар барысында қатысушылар порталдың жұмысына және оны пайдалану кезінде туындайтын техникалық әрі ұйымдастырушылық қиындықтарға қатысты көптеген мәселені көтерді. Атап айтқанда, пайдаланушыларды тіркеу және жүйеге кіру, есептік жазбаларға қолжетімділікті қалпына келтіру, сот істерін іздеу және іс материалдарына қол жеткізу, сот процесінің барысы туралы ақпаратты көрсету, сондай-ақ процестік құжаттарды беру және оларға қосымшаларды жүктеу мәселелері талқыланды.
Бұған дейін қолданыста болған «Сот кабинеті» жүйесіндегі материалдарды көшіру, сот актілерін алу, электрондық сенімхаттарды пайдалану және өкілдердің іс материалдарына қол жеткізуін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қатысушылар сонымен қатар порталдың жекелеген функцияларын пайдалану кезінде туындайтын қателерге, файлдарды жүктеу шектеулеріне және пайдаланушыларға көрсетілетін техникалық қолдаудың жеделдігін арттыру қажеттігіне назар аударды.
Вебинар қорытындысы бойынша Алқп кездесу барысында толық қарастыруға мүмкіндік болмаған сұрақтарды жүйелеп, түсініктеме алу және көтерілген мәселелерді одан әрі пысықтау үшін жоба өкілдеріне жолдайды.
Мұндай кездесулер заң қоғамдастығы мен сот жүйесінің өкілдері арасындағы кәсіби диалогты дамытуға, цифрлық сервистерді пайдалану кезінде туындайтын практикалық қиындықтарды анықтауға және пайдаланушылардың қажеттіліктерін ескере отырып, оларды жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік береді.
Алқа заң консультанттарының кәсіби қызметінде пайдаланылатын цифрлық құралдардың қолайлылығы мен қолжетімділігін арттыру мәселелері бойынша сот жүйесінің өкілдерімен өзара іс-қимылды жалғастырады.
