Жарияланды: 16.10.2026
Республикалық заң консультанттары алқасы мәмілелерді даулау мәселелері бойынша вебинар өткізді

2026 жылғы 16 қазанда Республикалық заң консультанттары алқасы «Мәмілелерді даулау: даулы және өздігінен жарамсыз мәмілелер» тақырыбында вебинар өткізді. Іс-шараға 140 аса қатысушы қатысты.

Вебинар спикері – Роза Мырзакуловна Ертаева, Ақмола облыстық сотының отставкадағы судьясы, Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің жанындағы Сот төрелігі академиясының Азаматтық-құқықтық пәндер ғылыми-білім беру орталығының профессоры.

Вебинар барысында мәмілелерді даулау, даулы және өздігінен жарамсыз мәмілелердің аражігін ажырату, сондай-ақ азаматтық заңнама нормаларын сот практикасында қолдану мәселелері қарастырылды. Спикер құқықтық нормаларға ауызша талдау жасап, қатысушылардың қызығушылығын тудырған практикалық жағдайларды талқылады.

Қатысушылардың сұрақтары мәмілелердің құқықтық салдарына, жай серіктестік қатысушыларының шешімдерін мәміле ретінде тануға, жауапкершілігі шектеулі серіктестік қатысушысының жер үлесіне билік етуіне, сондай-ақ кейін қабылданған сот актілерін ескере отырып, заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарау мүмкіндігіне қатысты болды. Бұдан бөлек, қатысушылар жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жеке тұлғаларға қарыз беруі және нақты төлем жасалмаған сатып алу-сату шарттарына құқықтық баға беру мәселелерін көтерді.

Практикалық жағдайларды белсенді талқылау қатысушыларға азаматтық заңнама нормаларын қолдану және нақты даулардың мән-жайларын бағалау мәселелері бойынша спикерден түсініктеме алуға мүмкіндік берді. Вебинар қорытындысы бойынша қатысушылар Роза Мырзакуловнаға мазмұнды баяндамасы, құқықтық нормаларды түсінікті түрде талдағаны және құқық қолдану практикасына ерекше назар аударғаны үшін алғыс білдірді.

Сондай-ақ жаңа оқыту іс-шараларын өткізу және сот практикасын зерделеу мақсатында сот актілерімен танысу мүмкіндігін қарастыру жөнінде ұсыныстар айтылды.

Республикалық заң консультанттары алқасы заң консультанттарының кәсіби білімін жетілдіруге және заңнаманы қолдану бойынша практикалық дағдыларын дамытуға бағытталған білім беру іс-шараларын өткізуді жалғастырады.

Жаңалықтарға қайта оралу
Бөлісу: