2026 жылғы 6 маусымда Астана қаласында Республикалық заң консультанттары алқасының басшылығы мен Қытай Халық Республикасындағы ірі заң фирмаларының бірі – Beijing DHH Law Firm делегациясы арасында кездесу өтті.
Қытай делегациясының құрамында Beijing DHH Law Firm компаниясының президенті әрі аға серіктесі Майкл Лью, DHH компаниясының Мәскеу кеңсесінің директоры әрі негізін қалаушы серіктесі Юань И, Мәскеу кеңсесі бас директорының орынбасары Лейли Имранова және компания өкілдері болды.
Қазақстандық тараптан кездесуге Республикалық заң консультанттары алқасының төрағасы Серік Ақылбай, Астана қаласының заң консультанттары палатасының төрағасы Ануарбек Скаков, сондай-ақ Палата мүшелері Арғын Искакбеков пен Булат Пономарев қатысты.
Кездесуді аша отырып, Серік Ақылбай Қазақстан мен Қытайдың стратегиялық серіктестер екенін атап өтті. Оның айтуынша, екі мемлекет арасында сауда-экономикалық байланыстар қарқынды дамып, ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, іскерлік ынтымақтастық кеңейіп келеді. Осындай жағдайда бизнесті сапалы құқықтық сүйемелдеудің және екі елдің заңгерлік қауымдастықтары арасындағы кәсіби байланыстарды дамытудың маңызы арта түсуде.
Кездесу барысында Beijing DHH Law Firm өкілдеріне бүгінде 13 өңірлік Палатаны және еліміз бойынша 4 500-ден астам заң консультантын біріктіретін Республикалық заң консультанттары алқасының қызметі таныстырылды. Заң консультанттарының біліктілігін арттыру, кәсіби стандарттарды жетілдіру, заңнаманы жетілдіру жұмыстарына қатысу және халыққа тегін заң көмегін көрсету мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Астана қаласының заң консультанттары палатасының төрағасы Ануарбек Скаков елордалық палатаның қызметі, жүзеге асырылып жатқан жобалар және заң көмегін көрсету тәжірибесі туралы баяндады.
Өз кезегінде Beijing DHH Law Firm өкілдері компанияның қызметін, халықаралық тәжірибесін және әртүрлі юрисдикцияларда бизнесті құқықтық сүйемелдеу тәжірибесін таныстырды.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан, Қытай және Ресей Федерациясындағы заңгерлік кәсіптің ұйымдастырылу ерекшеліктерін, сот тәжірибесі мәселелерін, сондай-ақ азаматтар мен бизнестің құқықтарын қорғаудың заманауи тәсілдерін талқылады.
Инвестициялық қызметті құқықтық сүйемелдеу мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Кездесуге қатысушылар Қазақстан мен Қытайдың заңгерлік қауымдастықтары арасындағы кәсіби байланыстарды дамыту іскерлік қатынастарды нығайтуға ықпал етіп, бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін қосымша мүмкіндіктер қалыптастыратынын атап өтті.
Айта кету керек, инвестициялық ахуалды жетілдіру және инвесторлардың құқықтарын сенімді қорғау мәселелері кездесу қарсаңында Астана қаласында өткен «Әкімшілік әділет және оның заң үстемдігін қамтамасыз етудегі рөлі» халықаралық форумында Мемлекет басшысы айқындаған ел дамуының басым бағыттарының бірі болып табылады.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар кәсіби өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға, тәжірибе алмасуға және Қазақстан мен Қытайдың заңгерлік қауымдастықтары арасындағы байланыстарды нығайтуға мүдделілік танытты.
Кездесу соңында Beijing DHH Law Firm өкілдері Республикалық заң консультанттары алқасының басшылығына жылы қабылдау көрсеткені және мазмұнды кәсіби диалог ұйымдастырғаны үшін алғыстарын білдірді.
