"Қазақстан заңгерлер одағы" РҚБ төрағасы, "Адал сайлау үшін" штабының басшысы Серік Ақылбай еліміздегі саяси реформалардың барысын, сайлау заңнамасына енгізілген өзгерістерді түсіндіру мақсатында Ұлытау облысына барды.
Алғашқы кездесу "Жезқазған" медициналық орталығында өтті. Медициналық орталық ұжымының қонағын облыс әкімінің орынбасары Г. Құсманғали таныстырды.
Заңгерлер одағының төрағасы жиналғандарға елімізде жүргізіліп жатқан саяси жаңғыру, мемлекеттік жүйені жетілдіруге бағытталған реформалар туралы баяндады. Кездесуде еліміздің "Сайлау туралы" Конституциялық заңына енгізілген өзгерістердің нақты мысалдары, сайлау бюллетеніне "барлығына қарсы" бағанының енгізілуі айтылды.
Ол сондай-ақ алдағы президенттік сайлаудың қоғамды одан әрі демократияландыру, бұрын қабылданған бастамалардың оң жалғасы үшін маңыздылығын атап өтті және жұртшылықты еліміздің өміріндегі маңызды саяси оқиғаға белсенді қатысуға шақырды.